Үтіртөбе қаласының тарихы

Еліміздегі  сондай  орта ғасырлық  қалалардың  бірі – Мырзашөл  өңіріндегі  Ұтырлы  (Үтіртөбе)  қаласы.  Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласынан 30 шақырым солтүстік-шығыста , «Үтірлі» ауылынан солтүстікте 11 шақырым қашықтықта, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 шақырым қашықтықта, Сырдарияға құятын Сорөзек саласының жағалауында орналасқан
Үтіртөбе қаласы
Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласын Қазақстан археологтары зерттемеген. Оның басты себебі Мырзашөл өңірі, оның үлкен бір бөлігі – Мақтарал ауданы 1963-1971 жылдары Өзбекстан Республикасына қараған. Сондықтан да бұл аймақ өткен ғасырдың  60  жылдары  жүргізілген Шардара археологиялық экспедициясының зерттеу аясынан тыс қалған. Бұл ортағасырлық қала тіпті, Қазақ Совет энциклопедиясы, Археологическая карта Казахстана (Алматы, 1960), Свод памятников истории и культуры Казахстана в Южно-Казахстанский область (Алматы, 1994) атты  іргелі басылымдарға да кірмей  қалған.
Үтіртөбені алғаш зерттегендер Өзбекстан археологтары. Қала туралы алғашқы деректі 1971 жылы Ю.Ф. Буряков пен О.М.Ростовцев жазған [3]. Ю.Ф.Буряков «Историческая топография Ташкенского оазиса» – деген монографиясында Чиначкент (Шыназ) қаласынан 30 шақырым жерде Сырдарияның сол жағалауындағы «Ұтырлы» қаласын атап өтеді [4]. Жазушы М.Жақып «Мырзашөлім-мырза елім»  (Алматы,1998) деген еңбегінде бұл қала жөнінде шағын түсініктеме береді.
Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына 2004 жылы 5-20 тамыз аралығында Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті өз қаржысымен «тарих» мамандығының студенттерінен құралған   археологиялық практика ұйымдастырып, қазба жұмыстарын жүргізді. Ұтырлы ( Үтіртөбе ) қаласына жүргізілген осы алғашқы археологиялық зерттеудің өзі-ақ, бұл қаланың орта ғасырларда осы өңірдегі ірі экономикалық орталық болғанын көрсетеді және өңір тарихын байытып,одан біршама мағлұматтар береді.
Қаланың ежелгі аты белгісіз. Жазба деректерде кездеспейді. Жергілікті халық Ұтырлы қаласының атауын Үтірлі немесе Үтірлітөбе, Үтіртөбе деп те атайды.Үтірлі атануы "Ұтырлы" деген сөзден шығуы мүмкін. "Ұтырлы" - қазақ тілінде ұтымды, ұтқыр, қолайлы деген мағынаны білдіреді. Бұл қаланың тіршілікке жайлы, тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерге орналасуынан шығуы мүмкін. Ал, Үтірлітөбе, Үтіртөбе атануына келсек, қазіргі кезде қаланың пішіні "үтір белгісіне" ұқсас болғандықтан жергілікті халық осылай атаған дейді.
Шынында да қаланың географиялық орналасуы қолайлы, жол торабында орналасқан. Қаладан солтүстік-шығысқа қарай жол Сырдан өтіп, Чиначкентке (Шыназ), одан әрі Орта Азияның ірі орталығы - Шашқа (Ташкент) барған. Ал, Сырдың сол жағалауымен жоғары қарай өрлеген жол Хожентке жеткен. Сырмен төмен қарай жүрген тағы бір негізгі бағыт Сүткент қаласы арқылы өтіп, Оқсызға (Весидж) барған. Одан әрі жол жан-жаққа (Яссы - Сауран - Сығанақ, Испиджаб және Орталық Қазақстан бағыттары) тармақталады. Ал,қаладан оңтүстік, оңтүстік-батысқа қарай шыққан тағы бір бағыт Мырзаның шөлін басып өтіп Жызаққа, одан әрі Самарқан, Бұхараға жол тартқан.

Комментарии

Популярные сообщения из этого блога

Жетісай, Асықата, Мырзашөл, Мырзабат сардобасы атауларының шығу тарихы

Химиялық элементтердің тірі және өлі табиғатта таралуы- РЕФЕРАТ

8 сынып физикадан олимпиада есептері